АЛҒЫ СӨЗ

Әкелерім – Төлеуқожа Өтемісұлы, Ертай Имамбайұлы
Анам – Манқанай Күсепқажықызына арнадым

Қазақ тіл білімінде етіс жайлы бірсыпыра ғылыми зерттеулерді сөз етсек, бұл көне категория төңірегінде әртүрлі пікірлердің болғандығын аңғарамыз. Қазақ тіліндегі етіс категориясының ерекшеліктері жайлы С. Исаев, А. Қалыбаева (Хасенова), Б. Құлмағамбетова, А. Ысқақов, Ы. Маманов, Н. Оралбаева, Ә. Төлеуов, С. Аманжолов, А.С. Аманжолов еңбектерінде көрініс тапса, Н.А. Баскаков, А.А. Азер, А.К. Алиев, А.Н. Кононов, К.М. Любимов, Б.А. Серебренников, С.А. Соколов, У. Турсунов, Ж. Мухторов, А.Х. Фатыхов, С.А. Фердаус, Б. Чарыяров, Э.В. Севортян, Н.П. Дыренкова, А.А. Юлдашев, Х. Якубова зерттеулерінде етістің түркі тілдес халықтар тілдеріндегі өзіндік табиғаты қарастырылған.

Қазіргі қазақ тіл білімінде етіс категориясы төңірегінде толық зерттелмеген жақтарына байланысты, күрделі мәселелердің бірі болып қарастырылады. Бұған етіс категориясын анықтау, етіс категориясын белгілеу, оның семантикасы мен түрлер сипаттамасының қарама-қайшылықтары, актив-пассив формаларының сандық жүйесі, олардың семантикалық пен функционалдық ерекшеліктерін меңгере отырып, арақатынастығын, белсенділік мағына мен көңіл-күй етістіктердің өзара шектелу жақтарына қатысты мәселелер жатады.

Етістің морфология мен синтаксиспен байланысын анықтау да, күрделі мәселелердің біріне енеді. Қазіргі таңда тілдік құбылыстарды зерттеу барысында тілдің функционалдық жақтарымен қатар, жүйелі құрылымдық бағыт талап етіледі.

Электрондық оқу құралында етіс мәселесін функционалды-семантикалық тұрғысынан қарастыру – бұл категорияның грамматикалық формаларының көпфункционалдық жақтарын ашумен қатар, грамматика мен лексиканың арақатынасын айқын көрсетеді. Қазақ тіліндегі етіс категориясының лексика-грамматикалық табиғатын функционалдық тұрғыдан ашу – грамматикалық құбылыстарды меңгеруде, сонымен бірге қазақ тіл білімі саласындағы күрделі теориялық, практикалық мәселелердің зерттеу нәтижелерінің көрінісі ретінде, бұл құрылымдардың логика-семантикалық, коммуникативтік жақтарын көрсетуде аса маңызды рөл атқарады және бұл құбылысқа жүйелі, бірізді түрде анықтама беруге мүмкіндік жасайды.

Мәтін құрамын қамтитын тіл бірліктерінің формальдық байланысы лексикалық, грамматикалық құралдар арқылы өтеді. Коммуникативтік деңгейде сөйлем тема-ремалық сипатқа ие болады. Сондықтан, сөйлем бөлшектерінің бірлігі тема-ремалық байланыспен анықталады.

Мәтін ішіндегі етіс категориясының лексика-грамматикалық табиғатын ашуда мәтіннің мазмұндық құрылымы мен оның тілдік құрамы арасындағы байланыс, өзара қатынастық негізге алынады. Мәтін тілдік құрылыс заңдылықтарына бағынатын, ойды білдіру мен ақпаратты жеткізудің басты құралы ретінде қарастырылады.

Қазіргі уақыттың талабына сай, тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін, тіл білімінің өзекті мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу аса қажет. Мұның тіл үйрету мен оқытудың сапасын жақсарту және мемлекеттік тілдің елімізде, қоғамдық өмірде қызмет ету аясын кеңейту үшін де маңызы зор.

Етіс жайлы көптеген ғалымдардың өз еңбектерінде әртүрлі тұрғыдан (тарихи, салыстырмалы, грамматикалық) зерттегені рас. Бірақ бұл ғылыми еңбектерде айтылған тұжырым, қағидалардың қайта қарауды, тереңірек зерттеуді қажет ететін тұстары баршылық. Атап айтқанда, етісті барлық тілдік салалармен байланыстырып қарау, салт пен сабақтылықтың етістіктер арасындағы орнын, етістің өзіндік сипаты мен даму жақтарын қарастыру – тіл білімінде етіс теориясын тереңдетуге жол ашады.

Тіл арқылы жеткізілетін әлеуметтік маңызға ие ақпаратты адам факторымен, жалпы қоғаммен байланыста қарастыру бүгінгі дамып келе жатқан тіл білімі саласының талабынан туындап отыр. Тіл тіл білімінің зерттеу нысаны болғанымен, оны басқа тілдік салалармен ұштастырмай бүгінгі ғылым сұранысына жауап бере алмайды. Осы себептен де тілді меңгеру барысында тілдік бірліктердің әрқайсысын адам табиғатымен байланыстыра отырып, кешенді зерттеудің жаңа сатыға көтерілуі байқалады. Сондықтан тіл білімінің әр саласын, соның ішінде, етістікке тән грамматикалық категорияларды да терең зерттеу қажеттілігі туындайды.

Бұның барлығы аталмыш категорияны, ең алдымен, жеке анықтай келе, тарихи тұрғыдан зерттеулерін көрсету арқылы, тіл білімінде қалыптасқан салалармен байланыстыра отырып, өзіндік ерекшеліктерін табу, оны жүйелі түрде беру, табиғатын айқындау – электрондық оқу құралының жұмыс көлемінің басты өзектілігіне жатады.

Етісті кең ауқымда, жан-жақты зерттеп, соның нәтижесінде етіс теориясын бекіту бүгінгі қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып, қазіргі қоғам алдындағы күн тәртібіне қазақ тілін жоғары деңгейде меңгеру талабын қойып отырған тұста да маңызды.

Жоғарыда айтылғандар зерттеу нысанына алынып отырған тақырыптың өзектілігін көрсетеді. Сөйтіп, қазақ тіліндегі етіс категориясының функционалдық тұрғыдан зерттеп, коммуникативтік шеңберінде бұл категорияны жан-жақты қарастыру – оның лексика-грамматикалық табиғатын ашуға ықпалын тигізеді.

Электрондық оқу құралының негізгі мақсаты – қазақ тіліндегі етіс категориясының лексика-грамматикалық табиғатын ашу және оның лексикалық, морфологиялық, синтаксистік қызметтерін айқындау. Сонымен қатар, тарихта орын алған, қазіргі кезде тіл білімінің дамуына үлес қосқан белгілі ғалымдардың етіс категориясы жайлы ой-пікірлерін салыстыра отырып, олардың түркітану іліміндегі, оның ішіндегі қазақ тіл біліміндегі орнын анықтау, ғылыми көзқарастарына лайықты бағасын беру.

Аталған мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттерді шешу алға қойылды:

  • етіс төңірегіндегі зерттеулердің негізгі бағыттарын белгілеу, олардың құнарлы жақтарын көрсетумен қатар, қазақ тіл біліміндегі орнын анықтау;
  • етістің лексика-грамматикалық табиғатын айқындау – қазіргі тіл білімінде етіс теориясын ғылыми тұрғыдан қалыптастыруға қаншалықты жол ашатындығын дәлелдеу;
  • түркітанымдағы етіс категориясын зерттеген еңбектердің кемшіліктері мен жетістіктерін көрсету арқылы тақырыпқа қатысты шешімін күтіп тұрған өзекті мәселелерді айқындау;
  • етіс категориясына жалпы сипаттама бере отырып, тілдің дамуына байланысты қазіргі қазақ тіліндегі етіс категориясының теориясы мен мәртебесін анықтау;
  • етіс категориясының негізгі деңгейін анықтау;
  • етіс категориясының етістіктер жүйесіндегі орнын және оның тіл біліміндегі басқа салалармен байланысын қарастыру;
  • грамматикалық пен коммуникативтік мүшелеудің арақатынасын анықтау;
  • мәтін ішіндегі етістің функционалдық ерекшеліктерін көрсету;
  • мәтіннің ішкі логикалық байланыс жүйесін сақтайтын тілдік құралдарды меңгеру барысында етіс категориясының рөлін анықтау;
  • сөйлеу әрекетінің көрінісі ретіндегі мәтін құрастыру жүйесін белгілеудегі етістің ықпалын көрсету.

Қазақ тіліндегі етіс категориясы туралы әр кезеңде жарық көрген зерттеулерге толық шолу жасалып, жетістіктері мен кемшіліктері баса көрсетіліп, бұл категорияның теориясы мен мәртебесінің анықталуы жұмыстың басты ғылыми жаңалығы болып есептеледі.

  • зерттеу барысында етіс категориясының теориясына қатысты тұжырымдардың жүйесі жасалынды;
  • көне түркі ескерткіштері негізінде қазақ тіліндегі етіс категориясының қалыптасу тарихына толық сипаттама берілді;
  • етіс тіл білімінің барлық салаларымен тығыз байланыста қарастырылып, оның лексика-грамматикалық табиғаты кешенді түрде ашылды;
  • етіс бірыңғай семантика-грамматикалық, морфология-синтаксистік тұрғыдан ғана емес, функционалдық тұрғыдан коммуникативтік шеңберде де қарастырылды;
  • электрондық оқу құралы барысында сөйлемнен мәтін синтаксисіне қарай бетбұрыс жасау етіс категориясының үнемі даму үстінде екендігін көрсетті;
  • жұмыста «объект», «субъект», «жалғау», «жұрнақ», «етіс» ұғымдарына ғылыми тұрғыдан жаңа анықтамалар берілді;
  • етістің салт және сабақты етістікпен, етістіктің болымды, болымсыз түрлерімен, осыған қоса, етістіктің грамматикалық формалары (есімше мен көсемше), шақ категориясымен байланысын нақты фактілермен дәлелдеу арқылы өзіндік ерекшеліктері айқындалды;
  • етістің сөздер арасындағы (қиысу, меңгеру, қабысу) байланыс түрлері нақтыланды.

Электрондық оқу құралы барысында баяндау, талдау, түсіндіру сияқты әдіс-тәсілдер де пайдаланылды. Сонымен қатар, сипаттама жасау әдісі, диахронды-салыстырмалы, синхронды-салғастырмалы, сипаттамалы, талдау және жинақтау, трансформация әдістері, функционалдық талдау тәсілдері қолданылды.

Жұмыстың ғылыми негіздері ретінде: А. Байтұрсынов, С. Аманжолов, А. Қалыбаева-Хасенова, С. Исаев, Ә. Ысқақов, М.Б. Балақаев, А.С. Аманжолов, Б.Қ. Қасым, осыған қоса, белгілі орыс түркітанушы ғалымдардың: П.М. Мелиоранский, Н.А. Баскаков, Н.П. Дыренкова, А.Н. Кононов, Н.К. Дмитриев, Э.В. Севортян, Е.И. Убрятова, С.В. Шкуридин еңбектеріндегі қажетті теориялық негіздер басшылыққа алынды.

Электрондық оқу құралын жазу барысында, ең алдымен, етісті зерттеу мәселесін тереңірек ашу мақсатымен көрнекті түркологтар (Н.П. Дыренкова, А.Н. Кононов, Н.А. Баскаков, А. Зайончковский, С.В. Шкуридин) еңбектерімен қатар, қазақтың тілші-ғалымдарының (А. Байтұрсынов, С. Аманжолов, А. Қалыбаева-Хасенова, А. Ысқақов, А.С. Аманжолов, Б. Қасым т.б.) ғылыми зерттеулері де жұмыс барысында сөз етілді.

Электрондық оқу құралы нәтижелері етіс категориясының лексика-грамматикалық табиғатын сөйлем құрылымы ішінде оның грамматикалық және семантикалық арақатынасын нақтылау арқылы толық ашуға үлес қосады. Етіс категориясын грамматикалық, функционалдық тұрғыдан зерттеу – етіс теориясының негізін қалайды.

Электрондық оқу құралы нәтижелерін қазақ тілі теориясы, қазақ тілі мен қазақ тілін тереңдетіп оқытатын арнайы курс сабақтарында пайдаланылуға болады. Қазақ тіліндегі етіс категориясының ерекшеліктерін анықтап, бір жүйеге келтіру жұмыстың тәжірибелік мәнін арттырады.

Электрондық оқу құралы материалдарын жоғары оқу орындары филология факультеттерінің студенттеріне морфология, синтаксис пәндерінен дәріс оқуға қазақ тілі грамматикасының етіс категориясына қатысты өзекті мәселелері бойынша арнаулы курстарда пайдалануға болады.

Тілдік заңдылық қызметіне сүйене отырып, етіс табиғатын ашу барысында тіл білімінің басқа салаларында да жаңа тұжырымдар енгізуге болатындығымен айқындалады.

Электрондық оқу құралы тіл білімінің салаларымен өзара қарым-қатынасын, байланысын, қоғамдағы рөлін тұрақтандыра түседі. Етістікке тән етіс категориясының лексика-грамматикалық табиғатын ашу – тіл біліміндегі әр тілдік бірліктер мен категорияларды меңгеруде жаңа бағыттардың теориялық негіздерін қалыптастырады.

МАЗМҰНЫ

^